"Altyn Qyran Foundation" қоғамдық қоры

«Жақсы адамдарым»: Жұрт ықыласына бөленген отандастарымыз марапатталды

«Жақсы адамдарым»: Жұрт ықыласына бөленген отандастарымыз марапатталды
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Дәстүрлі іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ел ішінде ерлігімен, ерекше қасиетімен, қайсарлығымен, білімімен танылған нағыз талант иелерін, мықты мамандар мен бүгінгі күннің батырларын марапаттады. Биыл дәстүрлі іс-шарада білім, ғылым, медицина, спорт және құтқару қызметі бойынша 7 адамға арнайы сыйлық тапсырылды. Оларға «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығының дипломы мен мүсіншесі және 1 000 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. «Жобаға «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қолдау көрсетіп, қаржылай демеушілік танытты.

Арман Айқынбеков. Ақмола облысы Қабанбай батыр ауылының тұрғыны. №34 өрт сөндіру бекетінің өрт сөндіруші-құтқарушысы. Шені - сержант. Жақында әлеуметтік желіде оның арыстан жүректі азамат екенін айғақтайтын видео тарады. Әріптестері түсірген бейнеден Арманның мұз құрсанып жүріп, өз қызметін аяғына дейін адал атқарғанын көреміз. Бұл оқиға 11 желтоқсан күні таңғы сағат 7 жарым шамасында Қосшы қаласында болған. Ауданы 290 шаршы метрлік екіқабатты тұрғын үйді от шарпиды. Сол күндері Арқаның аязы 40 градусқа дейін жетіп, ақырып тұрған еді. Қолайсыз ауа райына қарамастан, өрт сөндірушілер алты сағат бойы тілсіз жаумен арпалысады. Қызыл жалынға шашқан судан Арманның үсті-басы мұз болып қатып қалған. Соңында ол киімін өзі шеше алмай, әріптестерінің көмегіне жүгінеді.

Нұрсұлтан Темірболат. Астана қаласы ПД Жедел қимылдайтын арнайы жасағы Арнайы моторланған бөлімінің инспекторы. Полиция аға лейтенанты. Ол полиция қызметкерінің жұмыс бабында ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да ел қорғаны болу керектігін әрекетімен әйгілеген азамат. Нұрсұлтан көлігімен кетіп бара жатып, Болашақ көшесінің бойында алабай иттің балабақша балаларына қарай ұмтылғанын байқап қалады. Сол мезетте ол көлігінен атып шығып, қабаған иттің соңынан жүгіреді. Қолына іліккен кесек таспен оны қаймықтырып, сол маңайда тұрған трактордың қасына қуалап әкелген. Азуын көрсеткен алабайды ешқайда жібермей қақпақайлап ұстап, полицияға қоңырау соғады. Көп ұзамай оқиға орнына жергілікті учаскелік полиция инспекторы мен ит аулайтындар келеді. Сөйтіп, ол балаларды үлкен қауіптен құтқарып қалған.

Ербол Махамбетов. Ұлттық нейрохирургия орталығы Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Медицина ғылымдарының кандидаты. Оның отандық медицинаға әкелген жаңалығы көп. Ол еліміздегі нейрохирургияның клиникалық практикасына аса күрделі ауруларды емдеудің инновациялық тәсілін енгізді. Ол елімізде алғаш рет мидың артерия-веналық мальформациясы сияқты патологияны микрохирургия әдісімен емдеді. Нәтижесінде жүздеген адамды инсульттан аман алып қалды. Ол еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі клиникалық тәжірибеге үшкіл және тілжұтқыншақ нервтерінің невралгиясы кезінде беттің ауруын хирургиялық емдеудің қазіргі заманғы тетіктерін енгізді. Соның арқасында күрделі ми ауруларына шалдыққан отандастарымыз бұрынғыдай шетелде емес, өз елімізде емделуге мүмкіндік алды. Қазіргі кезде бұл емдеу әдісі Қазақстанның көптеген нейрохирургиялық клиникасында қолданылады.

 

Батырлық білекте емес, жүректе!

Ақжол Герой. Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны. №24 лицейдің 8-сынып оқушысы. Көпбалалы отбасының тұңғышы. Өзінен кейін алты бауыры бар. Ата-әжесінің өнегесін, әке-шешесінің тәрбиесін көріп өсіп келе жатқан үлгілі бала. Жақында ол атына заты сай екенін күллі жұртқа паш етті. Ақжол күнделікті қатынайтын №219 автобуспен мектептен үйіне қайтып келе жатқан. Соңғы аялдамаға жақындағанда абыр-сабыр басталады. Автобус шайқап ала жөнеледі де, жолдан шығып, тұрғын үйге қарай бағыт алған. Бұл кезде Ақжол қоғамдық көліктің артқы жағында тұрған, дереу алдына қарай ұмтылады. Барса, автобус жүргізушісі есін жоғалтып, талып қалған екен. Ал автобус тұрғын үйге соғылуға жақын қалған. Өзінің ғана емес, барлық жолаушының өміріне қауіп төнгенін түсінген жеткіншек ойланбастан автобус рөліне жармасып, оны тоқтатып үлгереді. Сөйтіп қаншама адамның өмірін сақтап қалды.

 

Жанашыр жан

Мереке Едресов. 35 жаста. Құрылысшы болып жұмыс істейді. Оның мұз жарылып, өзенге түсіп кеткен 17 жастағы жасөспірімді құтқарған ерлігіне жұрт тәнті. Бұл 27 қараша күні Астанадағы Ақбұлақ өзенінде болған оқиға. Құрылыс көлігінде отырған Мереке «суға адам батып жатыр» дегенді естіп, дереу беліне қауіпсіздік жібін байлай сала өзенге қарай жүгіреді. Өзен бетіндегі мұздың бір жері қалың, бір жері жұқа. Мерекенің өз өміріне де қауіп төніп тұрған. Соған қарамастан ол мұзға жата қалып, еңбектей жөнеледі. Суға батқан жасөспірімнің әлі қалмаған. Лақтырған жіпті ұстауға да мұршасы жоқ. Мереке оған барынша жақындап, оны өзіне қарай тартады. Осы кезде мұз шытынай бастайды. Мереке өз басын қатерге тіге жүріп, бозбаланы су жағасына аман алып шықты.

 

Өмірге құштарлықтың үлгісі

Айсұлу Сүлейменова. Айти саласының маманы. Ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі. Спорт шеберлігіне кандидат. Ол жиырма жасында жол апатына түсіп, екі аяғынан айырылады. Алайда тағдырдың бұл сынағы оның сағын сындыра алмады. Айсұлу мықты ерік-жігерінің арқасында қайта аяққа тұрып, жүгіріп кетті. Қазір ол - волейболды отырып ойнаудан еліміздегі жалғыз әйелдер командасының негізгі ойыншысы. Биылғы мамырда параволейболшы алғаш рет республикалық VІ жазғы Паралимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атанды. Келесі жылы Парижде өтетін паралимпиада ойындарына қатысуға үмітті. Қазақтың қайсар қызы спорттан бөлек, адамдарға мотивация беруге де уақыт табады. Ол әлеуметтік желі арқылы және ел ішін аралап басына ауыр сынақ түскен адамдарға ерік-жігер сыйлап жүр. Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Айсұлу Сүлейменоваға «Шапағат» медалі табысталды.

 

Инклюзивті білім беруге үлес қосқан ұстаз

Сәуле Сағымбаева. Тифлопедагог. Ол 2015 жылдан бері Астана қаласының Жәнібек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясында ұстаздық етіп келеді. Сәуле Лябиқызы зағип балалардың қатарынан қалмай білім алуына бар күшін салып жүр. Соның бір дәлелі - ол «Көру қабілеті бұзылған мектеп оқушыларын кешенді қолдауды әдістемелік қамтамасыз ету» атты білім беру бағдарламасын жазып шықты. Нәтижесінде зағип балаларды оқытатын қаншама педагог маман дайындалды. Сәуле Лябиқызы YouTube желісіндегі арнасы арқылы да ата-аналар мен мұғалімдерге кәсіби бағдар беріп отырады. Жалпы, оның инклюзивті білім беру саласына қосып жатқан үлесі зор.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.arbatmedia.kz/vaznoe-v-kazaxstane/zaqsy-adamdarym-zurt-yqylasyna-bolengen-otandastarymyz-marapattaldy-1311